Бала кезден Исамен таныспын


Егер менен біреу сұрап, «Құдайсыз да жақсы өмір сүруге болады ғой», десе, мен оған, «менің Құдайым - тірі Құдай, Ол менің әрбір дұғама жауап береді. Сондықтан да менің Құдайымның басқа пұттардан айырмашылығы осыда», дер едім... Менің атым Бақыт, жасым 19-да. Алматы облысы, Талғар ауданында тұрамын. Исаға сенушімін. Иса Мәсіхке кішкентай кезімнен сенемін. Өйткені бала кезімде анам арқылы Ол туралы көп естігенмін. Есімде, ол кезде шамамен 6-7 жаста едім. Отбасында жеті адамбыз. Әкем, шешем, бір ағам, бір әпкем және екі сіңлім бар. Отбасында әкемнен басқасының бәрі сенушілерміз. Алматының жанында тұрғандықтан, анам қалада жұмыс істейтін. Бір күні жұмыстан келіп, мені, әпкем мен бір сіңлім үшеумізді жинап алып, «қазір мен сендерге бір нәрсе айтамын, сендер менің артымнан қайталаңдар», деді. Бала болғандықтан, қызығушылықпен, «жарайды», деп келесім бердік. Не айтып жатқанын түсінбесекте, солай қайталап, Исаны қабылдадық.

Бірақта бір қызығы анам айтты, «көздеріңді жұмып, Исаны көз алдыларыңа елестетіңдер», деді. Мен сол кезде Оны елесте те алған жоқпын. Себебі, мен Оны көрген жоқпын. Таң қалып, «Ол қандай екен», деген сияқты балалық қызығушылығым арта түсті. Кішкентай болсам да Исаны қабылдаған соң өмірімде бір кішкене өзгерісті сездім. Өйткені, көшедегі балалармен ойнаған кезде, кейде үйде жүрген кезде де жаман сөздерді көп қолданатынмын. Исаға сенгеннен кейін сол жаман сөздер бірден ғайып болды. Егер айтайын деп бастасам, алыстан бір нәзік дауыс естіліп, «болмайды, ол дұрыс емес», деген сияқты. Мен сонда түсіндім, бұл Киелі Рухтың даусы екенін. Содан кейін белгілі бір себебтермен қалаға көштік. Өкінішке орай, сол кезде әкем біздің қауымға барғанымызға қатты қарсы болды. Қауымға жібермеуге тырысатын. Бірақ Құдайдың Өзі бала кезімізден Жаратқан Иеге деген, қызығушылықты жүрегіме салды. Әкем қауымға баруға тыйым салған сайын, сол жерге барғым келіп тұратын. Әрбір мүмкіншілікті жібермеуге тырысатынмын.

Тіпті қарсы болғаны соншалық, әкем байқамай қолымен ұрып жіберген кездері болды. Сол кезде қиналсам да, Құдайға баруға ұмтыла бердім. Бір күні анам әкеме келіп, «бала қауымға барғысы келеді, сен қарсы болма, мен оның барғанын қалаймын», деді. Құдайға шүкір, ол қарсы болған жоқ. Содан бері қауымға 4-5 жылдан бері тұрақты келіп тұрамын. Қазір қауымда қолымнан келгенше белсенді қызмет етуге тырысамын. Сол кездері маған мадақтау тобы қатты ұнайтын. «Шіркін, мадақтау тобында тұрсам ғой», деп армандайтынмын. Тіпті анда- санда келгенде олардың дайындығына қатысып, ән айтуға тырысатынмын. Уақыт келгенде Құдайдың Өзі сол мадақтау тобына шақырды. Содан бері сол топта, YAMAHA-да ойнаймын. Құдайға алғысымды айтамын, өйткені Оған келместен бұрын ешқандай аспаптарды ойнауды білмейтінмін. Құдай жолында жүріп үйрендім. Құдай өзіме сай кейбір қиыншылықтардан өткізді. Солар арқылы сенімім шыңдалды, десем болады.

Қазір өзіммен қатар жастардың өміріне қарасам, Жаратқан Иенің маған деген зор сүйіспеншілігін сеземін. Себебі Ол мені бала кезімнен құтқарып алды. Егер менен біреу сұрап, «Құдайсыз да жақсы өмір сүруге болады ғой» десе, мен оған, «менің Құдайым - тірі Құдай, Ол менің әрбір дұғама жауап береді. Сондықтан да менің Құдайымның басқа пұттардан айырмашылығы осыда», дер едім. Менің сіздерге тілегім, қазақ халқымның нағыз тірі Құдайды танығандарын қалар едім. Арманым, қазақ бауырларыма Тәңірімнің сөзін жеткізу. Жаратқан Ие сіздерге жар болсын! Ол сіздерді сүйеді! Аумин!