Оның шексіз рақымдылығы...


kudai.kz

Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы сіздерге жауа берсін, бауырластар! Мен өмірімде көрінген Тәңірдің рақымы туралы сіздермен бөліскім келеді. Менің есімім - Жарқынай. 1964 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келдім. Отбасымызда сегіз ағайынды болдық. Әке-шешем қарапайым жұмысшы болып қызмет атқарды.

Басқа көптеген замандастарым тәрізді менің де жастық шағымның өзіне тән жақсы жақтары, сондай-ақ қиыншылықтары да болды. 1981 жылы мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласына медучилищеге түстім. Оқуымды аяқтап, мамандығым бойынша медбике болып жұмыс істедім. 1995 жылы қайта құру кезіндегі заманның аумалы-төкпелі шағында еңбекақым аз болды.

Сол себепті жұмыстан шығуды ұйғардым да, саудаға араластым. Өмірімде сауда саласында жұмыс істеп көрмесем де, тез үйреніп кеттім. Ресейге сауда барысымен жиі барып тұруға тура келді. Ақыры саудамен айналысып жүріп, Ресей мемлекетінде тұрып қалуға тұра келді. Сөйтіп, бірер жыл Ресейдегі Орынбор қаласының тұрғыны болдым. Сол тұста әке-шешем Ақтөбе қаласына көшіп келді. 1997 жылы мен де Ақтөбе қаласына қайта оралып, екі бөлмелі пәтер сатып алдым, өмірдегі алға қойған мақсаттарыма жеттім деп есептедім. Дегенмен өз өмірімде барлығы жақсы болса да, отбасымыздан қырсық кетпеді. Інім мен сіңлім туғаннан жүйке ауруына шалдыққан еді, сондықтан олар ешқайсымыздың сөзімізге құлақ аспайтын. Анам солардың жасаған іс-әрекеттерін көтере алмай өмірден түңіле бастады. Мен оларды көптеген құмалақшыларға, тәуіптерге және әр түрлі әулиелердің бейіттеріне апарсам да, ешқандай үміт етерлік нәтиже болмады, керісінше жағдайымыз одан да ауырлай берді. Сол аралықта тағы бір інім жаманшылыққа ұрынып, үш жылға сотталып кетті. Осы қиыншылықтар мені қатты тұралатып кетті, сондықтан да болар, өлсем деген ойлар келді. Терезеден секіріп кетсем немесе дәрі ішсем тыныштық табармын деген ойлар миымды торлап алды. Жүрегімді «Құдай, Сен қайдасың, біздің жанұямызға неге сонша көп ауыртпалық бердің?» деген сауалдар жиі мазалап, тыныштық кетті.

Бір жолы Алматыға сауда барысымен сапарға аттандым. Жолай бір қызбен танысып, екеуміз өзара мекен-жайымызбен алмастық. Біраз уақыттан кейін сол қыз өз жұмысымен Ақтөбеге келіп, менің үйімде біраз тұрып, маған Құдай туралы айтып, Ізгі хабарды түсіндіріп берді. Бұл хабар маған бірден ұнап, Исаны Құтқарушы Ием деп жүрегіме қуанышпен қабылдадым. Көптеген жылдар бойы іздеп жүрген тыныштықты, қуанышты және сүйіспеншілікті Исадан тапқаныма төбем көкке жеткендей қуандым. Сол түні менің иығымнан ауыр жүк түскендей сезіндім. Өзіме қол жұмсаймын деген ойлар Құдайдан емес екен. Қайта менің Құдайдан алыстауымды тілеген шайтанның ісі екен. Мен Исаны Тәңірім деп қабылдаған соң, кіші сіңлім Ұмсынай мен ағайындарым да Құдайға бет бұра бастады. 2008 жылы сіңлім Ұмсынай күйеуінін қолынан қаза тапты, іле-шала 38 күннен кейін әкем де қайтыс болды. Осы кезде менің сенімім үлкен сынаққа ұшырады, лапылдап жанған оттың ішінде жүргендей болдым. Жан-дүнием астан-кестен болып, қатты күйзелдім. Себебі сіңлім екеуміз өте жақын сырлас едік. Сонда мен тек Исадан ғана жұбаныш таптым. Оның шексіз рақымдылығы ғана маған осы қиындыққа төтеп бере алатын күш берді. Азап пен қайғыға бой алдырмауға, тура жолдан тайып кетпеуге, сенімде нық тұруға күш берген ұлы Құдайға мың да бір алғыс! Туғандарымның құтқарылуы үшін сиынып, қиындыққа мойымауға бел будым. Сіңлімнің артында қалған 9 жасар баласы Азаматты қолыма алдым. Болашақта Құдай Патшалығында қайтыс болған туғандарыммен кездесемін деген ой маған күнделікті жігер береді. Қымбатты бауырластарым, сіздерге амандық пен тыныштық тілеймін. Иса Мәсіхпен бірге болған адам барлық қиыншылықтарды жеңіп шығады. Сол үшін Оған деген сеніммен, үмітпен және махаббатпен өмір сүріңіздер. Бұлар бәрінен де үстем. Құдай жар болсын сіздерге!

Жарқынай Көрпебаева