Өмірімдегі Құдайдың рақымы


kudai.kz

Менің есімім – Алмаз. Өз өмірімде болған ең маңызды оқиға жайында сіздермен бөліскім келеді. Мен 1981 жылы Өзбекстанда дүниеге келдім. Біздің отбасымыз үлкен еді, үйдегілердің ең кенжесі болдым. Кенже болғандықтан өте ерке болып өстім, қазір есіме алсам, бала кезімде еш қиындық көрмеппін. Себебі әкем – үлкен қызметкер, анам мектепте мұғалім болды. Әрқашан, «егер мен өлсем, онда жұмаққа барамын» деп ойлайтынмын, себебі менің істерімді таразыға салса жақсы істерім көп, өйткені мен тәртіпті баламын және менің ата–анам да өте құрметті адамдар деген ой болды.

Балалық шағым осылай өтті.

Балалық шақ ең керемет уақыт екен.

Ал Құдай Әкенің баласы болу қаншалықты керемет десеңізші!!! Уақыт өте келе біздің отбасымызда қиыншылық басталды. 1994 жыл болса керек, сол кез ақшаның құны түсіп кеткен мезгіл еді. Сол уақытта менің үлкен ағам бизнес жасауға бел буды. Себебі барлық адамдардың бизнеспен айналысуы «сән» болатын. Бизнес бастау үшін біз өз үйімізді саттық, машинамызды да саттық, солайша бизнес бастадық. Біреулер бизнес арқылы көтеріліп кетсе, басқалары барлығынан айырылып, тақыр мұзға отырып қалды. Біздің отбасымыз да барлық нәрседен жұрдай болып, үй-жайсыз қалдық. Содан кейін Қазақстанға көшіп келдік те, үй жалдап тұрдық. Менің өмірімдегі ең қиын уақыттар басталды, себебі соған дейін қиыншылықсыз, шалқып-тасып өмір сүрдім, енді мен нағыз өмір табалдырығынан аттар сәтте әр түрлі қиыншылықтар басыма төнді. Өтпелі кезеңдегі бала үшін ол өте қиын нәрсе, себебі сондай кезеңде балалар өздерін көрсеткісі келеді, мақтаншақ болады. Ал менде мақтанатын, өзімді көрсететін еш нәрсе болмады, өйткені біздің өз баспанамыз жоқ, үй жалдап тұратынбыз, сонымен қатар мойнымызда үлкен қарыз бар-тын. Осылай біз бір жерден екінші жерге көшумен болдық. Бұл аз болғандай, менің әкем қан қысымы көтеріліп қатты ауырып қалды, оның оң жағы толықтай істемей қалды. Оң қолы, оң аяғы, тілінен айырылды. Оны емдету үшін біздің бармаған жеріміз жоқ, осылай бір қиыншылықтың үстіне, екіншісі қосылды. Сол кезде менің төрт ағам төрт жақта жүрген болатын, олар ақша табу мақсатымен кеткен еді. Ал үйде ауру әкем, анам, кішкене інім және мен ғана болдық. Біздің жағдайымыз шынымен де өте қиын еді, кейбіреулердің үйінде жейтін нан мен шай бар болғанымен, ет жоқ еді. Ал біздің үйде тіске басар нан да болмады, менің анам көршілерден нан алып келетін, оны әкеме, ініме, маған бөліп береді, ал өзі жемейді.

Менің анам «алтын адам» екенін айта кеткім келеді, оның баласы болу мен үшін ҮЛКЕН бақыт. Осылай біздің отбасымыз өмір сүріп жатты. Сол уақытта мен жұмақ, тозақ туралы ойламаппын. Осындай күндердің бірінде, бір көрші әйел бізге Гагаринде (Өзбекістан) бір қауым бар екенін және сол қауымда көп адамдар ауруларынан сауыққандығы туралы айтты, бірақ олар Исаға сенеді екен. Біз дәрігерлерге бардық, тәуіптерге де бардық, бармаған тек сол ғана қалды, оны да көрейік деп шештік. Дәл сол уақытта менің үлкен ағам көлік апатына ұшырап, үйде жатқан болатын. Көрші әйел бізге толық түсіндіру үшін Ораз деген бір адамды шақырып әкелді, ол бізге Құтқарушы Мәсіх жайындағы хабарды түсіндірді. Біз сұрақтар қойдық, ол жауап беріп түсіндірді, ұзақ әңгімеден кейін ол бізді тәубе етуге шақырды, сол кезде әкем, анам, үлкен ағам, екінші әпкем және мен Исаны қабылдадық. Мен толық түсінбедім, себебі мен 15 жаста болатынмын, енді «айқыш» тағып жүремін деп ойлағам, бірақ менің күткенімнен өзгеше болып шықты. Ешқандай «айқыш» жоқ, өз ана тілімізде Құдайға сиынуды үйретті. Осылай біз қауымға бара бастадық және біз ешқашан сенушілер жиынынан қалмайтын болдық. Бірақ бір ескере кететін жайт, біздің өміріміздегі қиыншылықтар жоқ болып кеткен жоқ, олар әлі күнге дейін жалғасуда. Әрине, бұрынғы жағдайымызға қарағанда қазіргі халіміз әлдеқайда жақсарды, ол үшін Құдайға мың да бір алғыс! Біз әкемізді емдету үшін бардық, бірақ Құдай біздің жан-дүниемізді сауықтырды.


Менің санама жеткені өмірімдегі ең үлкен мәселе отбасымдағы қиыншылық та, әкемнің ауруы да емес, ол – менің КҮНӘМ. Мен одан қалай құтқарыла алатыным туралы ойлануым маңызды екен. Ал отбасымда болған қиыншылықтар – бізді Құдайға әкелудің жолы болып табылады, себебі қиыншылық болмаса Құдайды іздемейтін едік. Тағы да айта кететін жайт, менің әкем өзіне өзі сенімді, көмекке мұқтаж емес адам болатын, бірақ ауырып қалған кезде, ол көмекке зәру кішкене бала сияқты болып қалды. Егер әкем ауырмағанда, ол Құдайға келмейтін еді деп ойлаймын. Бірақ осы жағдайда да мен Құдайдың құдіретті, әрі мейірімді қолын көремін. Содан кейін отбасымызда тыныштық пайда болды. Мен жұмаққа баратыныма сенемін және оның кепілі – менің жақсы істерім емес, қайта Иса Мәсіхке деген сенім. Себебі Иса менің күнәм үшін Өз жанын құрбан етті, тек мен үшін емес, бүкіл адамзат үшін жанын қиды. Менің өмірімдегі қабылдаған ең маңызды шешімім – Исаны қабылдау! Қазір менің отбасымда үлкен әпкемнен басқасының барлығы сенуші, ағаларым Құдайға қызмет етуде. Мен өзім де Құдайға қызмет етіп жүрмін. 2001 жылдың желтоқсан айында менің әкем қайтыс болды маған бұл өте ауыр тиді. Себебі, менің әкеме деген жоспарым бар еді, әкем ділмар, тілімен орақ орған «шешен» кісі болған. Егер менің әкем сауығып кетсе, ол керемет уағыздаушы болып, көптеген адамдарды Құдайға әкеледі деп ойлайтынмын, бірақ Құдай оны өзіне алып кетті, Құдайдың жоспары басқаша еді. Бұл оқиғадан да Құдайдың рақымын көремін. Әрине, жақын адамыңнан айырылу өте қиын, әкемнің суып бара жатқан денесін құшақтап алып, Құдайдан оны қайта тірілтуін сұрап жалбарындым. Бірақ Құдай оны тірілткен жоқ. Дегенмен мен жұбанатын бір нәрсе бар: мен әкемді көкте көретін боламын. Осы оқиға арқылы түсінген шындығым – ата-ананы тірі кезінде құрметтеп, сыйлай білу керек, себебі ол да Құдайдың рақымы. Қазір көп жастар «Құдайды іздеуге уақыт жоқ, қартайғанда бірақ сенемін, себебі мен әлі жаспын» дейді. Оларға жас болып та Құдайға сенуге болады, себебі өлім жасқа қарамайды ғой деп айтқым келеді. Бір жас жігітке ағасы: – Мектепті бітірген соң не істейсің? – деп сұрақ қойған екен. Інісі: – Жақсы университетке түсемін,– дейдi. Ағасы: – Одан кейін не істейсің? – деп сұрайды. Iнісі: – Жақсы жұмысқа орналасамын, – дейді. – Өте жақсы, содан кейін не істейсің? – Үйленемін бала-шағамды өсіремін. – Содан кейін не істейсің? – Балаларымды үйлендіремін, немере сүйемін, – деп жауап береді. – Содан кейін не істейсің? Інісі: – Қартайып, өлемін, – дейді. Ағасы: – Содан кейін не істейсің? – дейді. Сонда інісі ойланып қалады да: – Мен білмеймін – деп жауап береді. Сол кезде ағасы: – Барлық нәрсеге байланысты мақсат құрдың, бірақ ең маңызды шешім туралы ұмытып кеттің, саған қазір сол туралы ойлану керек, – деген екен. Мен жастарды өмірдің мақсаты туралы ойлануға шақырғым келеді, мүмкін біз барлық нәрсе жөнінде ойланып, жоспар құрған шығармыз, бірақ болашақ туралы қазір ойлану керек екенін ұмытпайық! Себебі болашақ тек осы өмірмен аяқталмайды, одан кейін мәңгілік өмір мен мәңгілік тозақ бар. Мәңгілікте қайда болғың келеді? Қазір шешім қабылда.
Менің өмірімдегі ең маңызды оқиға – Құдайдың маған және менің отбасыма көрсеткен рақымы. Құдайдың рақымы сіздердің өмірлеріңізде де көрінетініне мен нық сенемін. Біз өз кезегімізде сол рақымды қабылдап, бағалай білейік!